Сонау 1944 жылы КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің түрік-ахыска халқын Грузиядан Орта Азия мен Қазақстан жеріне жедел қоныс аударту туралы қаулысына сәйкес түрік халқының өмірі бір мезете астан-кестен болды. Депортациялық саясаттың кесірінен Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген түрік халқының жан сақтауы тек қазақ халқының бауырмалдылығының арқасында ғана мүмкін болды.
Зорлықпен көшірілген халық қилы заманда қазақ өлкесінен пана ғана емес, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, көпұлтты Қазақстан елінен өзіне лайықты орын тапты.
Жыл сайын Ахыска түріктері Алғыс айту күні қарсаңында ата-бабаларына арнап ас беріп, Құран бағыштайды. Кең құшағын жайған қазақ бауырларына шексіз ризашылықтарын білдіреді.