Қала тұрғындары күнделікті қарбалас уақытта байқамауы мүмкін, егер жіті назар аударсаңыз, айналаңыздағы сауда орталықтарының кіре беріс тұсында орналасқан орындықтар, ауладағы ойын алаңшаларының әткеншектері өзіміздің отандық өнімдер. Мәселен, «SHEGEN» сауда үйі» 2007 жылы құрылып, шағын фирмадан ірі компанияға айнала білген шымкенттік жиһаз өндіруші мекеме.
Ол Қазақстанның нарығына ғана емес, шет мемлекеттерге де өнімдерін шығарып үлгерді.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 260-тан астам маман жұмыс істейді. Компанияның негізгі қызметі — кез келген күрделі құрастырылатын жиһаз өндірісі. Кәсіпорынның Германия, Қытай, Израиль, Түркия, АҚШ, Корея, Тайвань және т.б. елдермен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар. Сондай-ақ, ТМД елдерінің компанияларымен тығыз серіктестік орнатылды.
Ел экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға үлкен мүмкіндіктер бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының құрылуы өңірдегі бизнестің өркендеуіне тың серпін беріп, бизнес субъектілерінің қатарының артуына септесіп келеді.
-Жолдау – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Сонымен қатар, жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс, -деді М.Сынабаев.
Айта кетейік, кәсіпорын «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, биыл екінші деңгейлі банк арқылы айналым қаражатын толықтыруға жылына 21,75%-бен қаражат алды. Оның 14,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды, қалған 8% кәсіпкер төлейді.
Отандық өнімді қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі