Бүгін Шымкентте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен Орталық Азия елдері кәсіподақтарының шекара маңы ынтымақтастығы бойынша семинар өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінен құралған делегациялар қатысуда.
Семинар барысында ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас аймақ елдері кәсіптік одақтарының арасындағы ынтымақтастықтың маңызы мен перспективалары жайлы айтты. Орта Азиялық елдердегі шекера істері экономикалық маңызы мен ерекшелігі туралы делагациясы жүруде.
–Соңғы жылдары Орталық Азияның барлық елдері өзара экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударып, ашық экономикалық саясат жүргізуге ұмтылуда. Бір елден екінші елге бару, шекарадан өту жылдан жылға оңай бола бастады. Бұл бизнестің ынтымақтастығы мен тауар айналымын ғана арттырып қойған жоқ, сонымен қатар еңбек ресурстарының мобильділігіне де жол ашып отыр. Еуропада адамдар бір елден екіншісіне күнделікті өтіп, жұмыс істей береді. Бұл жоғары жалақы іздеген адамдар үшін де, білікті кадр іздеген жұмыс беруші үшін де жақсы мүмкіндіктерді ұсынады. Болашақта Орталық Азия елдері де сондай дәрежеге жетуі тиіс. Ол үшін өзге елден келіп жұмыс істейтін адамдардың құқықтары толық қорғалуы шарт. Міне, осы тұрғыдан алғанда Орталық Азия елдері кәсіподақтарының шекара маңы ынтымақтастығын арттыру өте маңызды, — дейді Сергеюс Гловацкас.
Семинар барысында қатысушылар қызметкерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына ықпал ету және еңбек даулары шиеленісуінің алдын алу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Шымкент келбеті»