Бүгін қаладағы бірнеше нысанды араладым. Нұртас шағынауданы Ақсұңқар көшесінің тұрғындарымен тілдесіп, түйткілді мәселелерімен таныстым.
Әңгіме барысында қала тұрғындары жарықтандыру, суару жүйесі мен жол белгілерінің жоқтығына шағымданды. Жауапты мамандарға суды соруға арналған сорғы қондырғыларының жалпы қуатын арттыру бойынша нақты тапсырма бердім.
Сонымен қатар, Тұран ауданында салынып жатқан жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысын және “№6 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы” ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын тексердім. Салалық басқарма басшыларына барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырдым.
Бүгінде қала аумағындағы 7 251 шақырым газ желілерінің 14 пайызы тозған. Былтырғы жылы Жаңғырту бағдарламасы аясында «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 76 шақырым газ құбырын жаңарту жұмыстары басталған болатын. Шілде айына дейін 51 шақырым газ құбыры қалпына келтірілетін болады. Жыл қорытындысымен Сәуле, Ақтас шағынаудандарында 2 магистральды желінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ биыл Ақтас, Ақтас1, Нұршуақ, Ақжар, Арғымақ, Тұран шағынаудандарында 10 мыңнан астам абонент көгілдір газ желісіне қосылады. Бүгінде тағы 8 елдімекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданында 2023 жылы табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайтын болады. 2022 жылы Ақтас-2 елді-мекенінде мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, абоненттерге қосылу бойынша жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек аралау барысында «№9 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болдым. Мұнда 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар I-II топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін тексердім.
«Қызылжар» шағынауданы тұрғындарының өтінішін де назардан тыс қалдырмадық. Кездесу барысында жергілікті халық балалар мен спорт алаңы бар демалыс аймағын салуды сұрады. Аудан әкіміне тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, аумақты абаттандыру міндетін жүктедім.
Одан әрі Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы мәдениет үйінің құрылыс барысын бақыладым. Нысанды жақын күндері пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мердігер ұйым өкілдеріне мекемеге іргелес аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға баса назар аудару қажеттігін айттым.