Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында өтеді. Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара осы айтулы күнмен орайластырылып өткізілді. Атап айтқанда, бүгін Әл-Фараби ауданы аумағында Қошқар ата өзенінің бойында тазалық шарасы өтті.
Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты.
– Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Шымкент қаласының белсенді жастары, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен тұрғындар шағын аудан аумағындағы аулаларды тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, қоршау, орындықтарды сырлап шықты. Аталған іс-шарадан кейін аулалардың өңі өзгеріп, айнала мұнтаздай таза болып шыға келді.
– Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс.Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді.
Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.