Шымкент қаласында 2024-2025 жылғы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде ақпараттық, профилактикалық және техникалық іс-шаралар жүргізіп жатыр. Маусымның басынан бері 54 мыңнан астам адам қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратпен қамтылып, әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінді.
Әлеуметтік желілерде 200-ден астам пост жарияланып, тұрғындарға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында 123 материал жарық көрді, оның ішінде: 37 газет мақаласы, 23 телехабар, 63 радио хабарлама.
Қаланың шағын аудандарында 185 рет дауыс зорайтқышпен түсіндірме хабарламалар жасалды.
- 25 848 тұрғын үй араланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
- 68 интерактивті сабақ өткізіліп, 2 000-нан астам оқушы қауіпсіздік негіздерін меңгерді.
- Қоғамдық орындар мен шағын аудандарда 82 жиын ұйымдастырылып, оған 3 мыңға жуық адам қатысты.
Қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен газдандыру жүргізілмеген тұрғын үйлерге ерекше көңіл бөлінді:
- 136 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылды, бұл улы газдың әсерін анықтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- 193 үйдің түтін мұржалары тазаланды, бұл пешті дұрыс қолдану арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шара.
Осыған орай, 2024 жылғы 21 және 22 қараша аралығында елімізде «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Оқу-жаттығуды басқару штабы Ақмола облысының Көкшетау қаласында орналасқан. Бұл оқу-жаттығу азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жоюға дайындығын тексеру және одан әрі жетілдіру мақсатында ұйымдастырылуда.
Оқу-жаттығу барысында Шымкент қаласында практикалық іс-шаралар өткізіліп, іс-қимылдар пысықталады. Атап айтқанда, 21 қараша күні сағат 11.00-де қала аумағында электр дабылдарын іске қосумен құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізіледі. Бұл іс-шараның мақсаты – «Баршаның назарына!» бірыңғай ескерту сигналына әрекет ету тәртібін халыққа жеткізу болып табылады.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Құлақтандыру жүйесі іске қосылған кезде және оқу-жаттығу барысында сабыр сақтап, дүрбелеңге жол бермеуді сұраймыз.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі