Ел Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 17-наурызында Шымкент қаласы Полиция департаментінің ғимаратында қала прокуроры Ғ.Мұқановтың төрағалығымен кеңес өтті. Жиынға Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Т.Жәнібеков және прокурорлар мен тергеушілер қатысты.
Жалпы күн тәртібінде қылмыстық оқиғалар, күдікке іліккен азаматтарға қатысты тергеу амалдары турасында айтылды. Сондай-ақ, қоғамның назарын аудартқан жайт: «Қаңтар оқиғасында», жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жеткізілген азаматтар, орын алған азаптау фактілері бойынша кеңінен талқыланды.
«Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Барша қызметкерлерден заңды сақтауға және өз өкілеттіктерін асырмауға шақырамын. Ел Президенті айтқандай, біз ашық болып, тек заң аясында жұмыс істеуіміз керек», — деп атап өтті қала прокуроры.
Бұдан бөлек, Ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және “Жұртқа жақын полиция” қағидаты, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет”, «Полицияның сервистік моделіне көшу туралы» тұжырымдамасы шеңберінде халықпен кері байланыс орнату – басты орынға қойылғаны туралы қозғалды. Тиісті тапсырмаларға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында департамент бастығы Қайрат Сұлтанбайұлы: «Тәртіп сақшылары әр азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапты. Барлық қызметтік кабинеттерде бейнебақылау камерасы орнатылған, оларды кез-келген уақытта тексеруге болады. Біз өз қызметкерлерімізге заңнан шығуға болмайтынын және оған жол берілмейтінін ескертеміз. Кез-келген күдіктіден жауап алу уақыты үш сағаттан аспайды. Тергеудің бүкіл процесін бейнебақылауға алып, азаптау жайттарына жол бермейміз», — деді.
Өз кезегінде, жиынға қатысушылар тақырыпқа қатысты өзекті сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын жеткізді.
Айта өтетін ақпарат, бүгінгі құқық қорғау органдарының алдында тұрған басты мақсат – Елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту. Заңдардың қатаң сақталуы мен құқық бұзу әрекеттеріне тосқауыл қою, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.