Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында жаңа жобалар мен өзекті мәселелер, хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыға түсті.
«Zoom» жүйесі арқылы инвесторлар жаңа жобаларын таныстырды. Негізінен құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, әлеуметтік сала бойынша, жалпы 10 жаңа жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, «Angel Lux Textile» ЖШС киім өндірісі, лаванда өсіру және өңдеу, «Comfotherm» ЖШС-нің алюминий жылыту радиаторларын шығаратын кәсіпорны, «Profile Technology» ЖШС алюминий профильдерін шығаратын зауыт құрылысы, «Ferrum Construction» ЖШС темір бетон-бұйымдары, Самрук Group ЖК автосервис және авто қосалқы бөлшектер өндірісі және «Минерал су» ЖШС емдеу- сауықтыру кешен құрылысы жобалары ұсынылды.
Жоба құны 10,9 млрд теңгені құрайтын алюминий жылыту радиаторлары өндірісі жобасы 300 адамды жұмыспен қамтуды көздеуде. Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 10 га жер беру қарастырылуда. Алюминий профильдерін шығаратын кәсіпорын да әлеуетті жобалардың бірі. Жылына 6 мың тонна профильдер шығаруға қауқарлы зауыт 150 адамды жұмыспен қамтымақ. «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 10 га жер беру жоспарланып отыр. Жоба құны 4,7 млрд теңге, 180 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін темір-бетон бұйымдары өндірісіне де 9 га жер телімі қажет.
Автосервис және авто қосалқы бөлшектер өндірісінің жоба құны 50 млн теңгені құрайды. Жеке инвесторлар тәулігіне 400 қосалқы бөлшек шығаруды қолға алмақ. Сондай-ақ, «Минерал су» ЖШС-нің емдеу-сауықтыру кешені 600 төсек-орынға лайықталған. Жеке инвесторлар жобаны 2022-2025 жылдары іске асырмақ.
Қала әкімі жаңа өндіріс орындары қаламыз үшін маңызды екенін, ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Индустриалды аймақтардан қажетті жер беріледі. Шаһар басшысы жобаның жүзеге асырылуы барысында кездесетін мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.