Бүгін Ақпарттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Омартаев, «Е-Salyq Business» қосымшасы кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындауын цифрландыру арқылы жеңілдету бағдарламасы туралы ақпарат берді.
«Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосты. Әзірлеудегі негізгі мақсат Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету туралы тапсырмасын цифрландыру арқылы іске асыру болып табылады»,-деді спикер.
Бүгінгі таңда қала бойынша «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын 1,5 мыңнан астам кәсіпкер пайдаланып, тиімділігін көруде.
«E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы келесі рәсімдерді жасауға болады.
Олар:
1) жеке кәсіпкер ретінде тіркелу;
2) кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беру;
3) қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізу;
4) салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеу;
5) жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізу;
6) оңайлатылған декларацияны тапсыру (910.00 нысан);
7) кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтату.
Сондай-ақ, мобильді қосымшаның чектері бойынша деректердің болуы, кірістер тіркелімін автоматты түрде қалыптастыруға, бірқатар анықтамаларды алуға мүмкіндік береді.
«E-Salyq Business» қосымшасын алдағы уақытта фермерлер мен шаруа қожалықтары пайдаланатындай етіп, функционалдық аясын кеңейту жоспарлануда.
Бұл тегін қосымшаны App Store, Play Market және App Gallery арқылы жүктеуге болады.