Қазақстан халқының бірлігін нығайту мен елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері маңызды рөл атқаруы тиіс.
Бүгін Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында шаһардағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездескен ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов осылай деді.
Марат Алмасұлы Шымкент қалалық «Достық үйі» ғимаратында қалалық этномәдени бірлестіктерімен, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстарды белгілеп, өзекті мәселелерді талқыға салды. Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ассамблея төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
Жиында қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Р.Пактың, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асановтың және татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы А.Мухамедованың хабарламалары тыңдалып, Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарып жатыр. Ал, олардың жанында 21 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.
СОНЫМЕН ҚАТАР, АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Биыл Еңбекші ауданында “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында І-кезеңмен 52 көпқабатты үйдің 36 ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ойын алаңшасына жұмсақ төсеніш төселіп, балалар ойын, тренажер алаңшасының элементтері орнатылуда.
Сонымен қатар, ІІ-кезеңмен 21 көпқабатты үйдің 11 ауласы абаттандырылып, 4 ашық спорт алаңша құрылып, 5 спорт алаңша қайта жөндеуден өтеді. Бүгінде мердігер мекемені анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтуде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі