Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жазғы кезеңде қала тұрғындарының қауіпсіз демалуына ерекше көңіл бөлуде. Су айдындарында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп суда төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендету бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Серік Әуесхан және ҚР ТЖМ Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Орынбасар Құлманбетұлы баяндады.
Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген. Соның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етіліпті. Ал, қала бойынша 13 аймақта шомылуға тыйым салынған. Оқыс оқиғалардың басым көпшілігі рұқсат етілмеген аймақтарда орын алады дейді, басқарма өкілдері.
— 2024 жылы су айдындарында республика бойынша 43 адамның суға бату оқиғасы орын алған, оның ішінде 17 бала. Шымкент қаласы бойынша су айдындарында 1 жазатайым оқиға тіркелді. Адам баласы үшін өмірінен артық ештеңе жоқ. Бірақ сол өмірін тәуекелге тігетіндер саны азаймай тұр. Әр шомылу маусымы басталар алдында барлық аймақта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Суға батып кетудің алдын алу үшін бірнеше ережелерді қатаң ұстанған жөн. «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілер орнатылған жерлерде шомылуға тыйым салынады. Жазатайым, қайғылы оқиғалар орын алмас үшін әр азамат өз өміріне жауапкершілікпен қарағаня абзал,-дейді Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Серік Әуесхан.
Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2024 жылға балаларды, оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін оқыту, шомылу орындарында жүзу бойынша бассейн иелерімен 8 меморандум бекітіліпті. Атап айтқанда, «Рахат-Бадам», «Холодильник» демалыс орны, «Фонтан», і, «Sun City» аквапарктерінде меморандумға сәйкес 1200 бала суда жүзу техникаларын меңгерген.
«Шымкент келбеті»